Ашық қорытынды сабақ өтті

Мамыр 17, 2022

«Білімдіге дүние жарық» дегендей білім асыл да бағалы қазына.

Егеменді еліміздің тірегі – білімді, тәрбиелі ұрпақ. Болашақта еліміздің мәртебесін көкке көтеріп, экономикасын дамытатын,бүкіл әлемге Қазақстанды паш ететін  бүгінгі жас ұрпақ. Балаларымыздың білімді болуы жарқын болашақтың айнасы.

2022 жылдың 17 мамырында Елордалық балалар үйінде мамандар бүлдіршіндермен ашық қорытынды сабақ өткізді.

Сабақ барысында балалар «Сөйлегіштер», «Позитивтер», «Еңбекқорлар» ауылдарына саяхат жасады. 

«Сөйлегіштер» ауылында балалар логопедтермен бірлесе отырып сөздік қорларын дамытып, артикуляциялық гимнастика жасап, ұсақ қол моторикасын дамытты. «Үй жануарларын тап», «Бірдей пішіндерді анықта», «Ойыншықтарды өлшеміне қарай орналастыр» т.б. дидактикалық ойындар балалар білімінің қалыптасу деңгейін көрсетті. Балалардың назарын, ойлау қабілетін, ұжымда жұмыс істей алу дағдысын дамытуға арналған тапсырмалар берілді. Балалар сабақ барысында өз белсенділіктерін көрсете білді.

Позитивтер ауылында балалар психологтармен бірлесе отырып, жақсы көңіл-күй қалыптастырып, қызықты нейро-ойындар ойнады. Бүлдіршіндердің көңіл-күйлері көтеріліп, көздеріне қуаныш орнағандықтан, сабақ сәтті өтті деп айтуға болады.

«Еңбекқорлар» ауылында балалар Монтессори мұғалімімен бірге қоянды жуындырды. Және олар әртүрлі үй шаруасымен айналысты.

Сабақ соңында барлық мамандар мен балалар музыкалық аспаптарда ойнады. Ашық сабақ соңында белсенді қатысқан барлық бүлдіршіндерге дәмді тосын сый – бауырсақ берілді.

Бала – біздің болашағымыз, олай болса болашағымыз жарқын, егемен елдің ертеңі жас ұрпақтың тәрбиелі, оқу білімімен өлшенеді. Ол үшін жан-жақты ізденіс, шығармашылықпен жұмыс істеу заман талабы. Бүлдіршіндеріміздің алар асуы мен бағындырар шыңдары көп болсын!

Оқылды 213 рет