Қамқоршылық кеңес
05.02.2025 ж. елордалық балалар үйінде Қамқоршылық кеңестің отырысы өтті.
Қамқоршылық Кеңесінің Төрағасы:
Байсеркина Динара Сатжанқызы – Астана қаласы Мәслихатының депутаты.
Қамқоршылық Кеңесінің Мүшелері:
Досмырзаева Гүлназ Төленқызы – Астана қаласы «Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысының орынбасары.
Тәуекелов Рүстем Серікұлы – Астана қаласы «Алматы» ауданының әкімі.
Еркінова Арайлым Еркінқызы – «Қамқорлыққорык» КҚ директоры.
Шодиев Фаттах Каюмович - халықаралық «Шодиев» қорының төрағасы.
Тәжібай Бақытжан Арынұлы – «AQNIET» Денсаулық сақтау қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Астана қаласындағы филиалының төрағасы.
Идышева Гаухар Слямғазықызы – Астана қаласы полиция департаментінің ювеналды полиция бөлімінің бастығы.
Қамқоршылық кеңес отырысына шақырылғандар:
Мендибаева Аида Серікқызы – «Алматы» ауданы әкімдігі аппаратының бас маманы.
Шунаева Гүлмаржан Есенғалиқызы – «Право» қоғамдық қорының басшысының орынбасары.
Үскенбаева Гүлнәр Балташқызы – «SOS Астана балалар ауылы» жеке білім беру мекемесінің директоры.
Рахметова Фарида – Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік басшысы.
Байсарина Гүлжазира – Астана қаласы бойынша Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің директоры.
Диханова Айжан – «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі.
Кеңес отырысы барысында келесi мәселелер қаралды:
1) Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» КММ-нің 2024 жылғы 12 айда атқарылған қызметтер нәтижелері туралы мекеме басшысының баяндамасы.
2) Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» КММ-нің 2024 жылғы 12 айдағы қайырымдылық және демеушілік көмек туралы бас есепшінің баяндамасы.
3) «Қазақстан Республикасындағы кәсіби қабылдаушы отбасылар» жайлы заң туралы балалар үйінің әлеуметтік қызметкерінің баяндамасы.
Баяндама барысында балалар үйінің директоры 2024 жылғы балалар үйінің қызметі (балаларды орналастыру құрылымы, қаржылық қамтамасыз ету, оңалту топтарының жұмыстары, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және т.б.) туралы толық ақпарат берді, сонымен қатар балалар үйінің әлеуметтік бөлімі тарапынан балалардың мәртебесін анықтауда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды. Баяндамада тәрбиенушілердің өмір сүру сапасын жақсарту бойынша ұжым жұмысының қызметі жайлы толық ақпарат ұсынылды.
Балалар үйінің бас есепшісі 2024 жылғы демеушілік және қайырымдылық көмек қаражатын мақсатты пайдалану бойынша баяндамасы тыңдалды. Өз баяндамасында бас есепші мекеменің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту барысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 2024 жылы түскен демеушілік және қайырымдылық көмек қаражатын тиімді пайдалану бойынша есеп берді.
Елімізде 2025 жылы жетім балаларды кәсіби қабылдаушы отбасылар да асырап ала алады. Бұл дегеніміз ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар бірден балалар үйіне бармай, осы отбасыларға жіберіледі. Оның талаптары мен критериялары жайлы қамқоршылық кеңес отырысында балалар үйінің әлеуметтік педагогы толық тоқталып өтті. Баяндамада әлеуметтік қызметкер баланы кәсіби қабылдаушы отбасына орналастыру, кәсіби қабылдаушы отбасына берілетін балалардың санаттары және кәсіби қабылдаушы отбасына қойылатын талаптар, кәсіби қабылдаушы отбасын қолдау тәртібі туралы егжей-тегжейлі айтып өтті. Сондай ақ, әлеуметтік қызметкер АҚШ, Германия, Швеция, Чехия, Ұлыбритания, Франция және т.б. сияқты елдердің әлемдік тәжірибесін де атап өтті.
Камқоршылық кеңес отырысында кәсіби қабылдаушы отбасылардың атқаратын міндеттері талқыланды. Кәсіби қабылдаушы отбасыларға ерекше талаптар қойылмақ. Олар балаларға қолайлы жағдай жасай алатын, тұрғын үйі бар 30 бен 53 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болуы керек. Кәсіби қабылдаушы отбасы мәртебесін алуға ниетті отбасылар қорғаншылық және қамқоршылық органдарында психологиялық дайындықтан және аккредиттеуден өтуі тиіс.
Қамқоршылық кеңес — жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемеде тәлімгерлік жүйесін қалыптастырудың тиімді құралы. Кеңес қорытындысы бойынша қамқоршылық кеңестің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.