«Салт-дәстүр рухани құндылық» атты іс-шара өтті

Наурыз 23, 2024

Халықтың ізгі дәстүрі — біздің ең асыл мұрамыз.

Бауыржан Момышұлы

Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі өзіндік тарихи тағылымы бар. Өткеннің бай рухани мұрасын тал бойына дарытқан озық өнегелі дәстүрсіз, ұрпақтар сабақтастығынсыз тарихты елестету мүмкін емес.

Жалпы халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән береді. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Қай кезеңде болсын, ұлттық құндылықтарымыздың орны ерекше саналған. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен мәдени мұрамыз арқылы халық әркез өзін-өзі тәрбиелеп отырады.

Балалардың бойына халқымыздың рухани байлығын сіңіре отырып, ата дәстүрін танып білуге, ардақтауға, құрметтеп мақтан тұтуға тәрбиелеу – басты мақсатымыз. Осы орайда Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» КММ-нде өскелең ұрпақты қоғамға, адамгершілікке, отансүйгіштікке, ержүректілікке, имандылыққа тәрбиелеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді насихаттау барысында «Салт-дәстүр рухани құндылық» атты іс-шара өтті.

Іс-шараның мақсаты: Қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дәріптей отырып, тұтастай жеке тұлғаны қалыптастыру, оның шығармашылық қасиеттерін дамыту.

Іс-шарада балалар – «Бесікке салу», «Сәлемдесу», «Балаға ат қою рәсімі», «Тұсау кесу», және тағы басқа салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары мен «Қыз қуу», «Арқан тартысу», «Қол күрес», «Асық ату» ұлттық ойын түрлерімен танысты.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп ұлы қаламгер М.Әуезов айтқандай, қай ғасырда, қай қоғамда болсын басты міндетіміз – саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Ендеше ұлт үшін салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше. Салтымыз бен қоғамның тарихи дамуының сабақтастығын бұзбай, құндылықтарымызды сақтау үшін балаларға дәстүріміздің озық үлгілерін насихаттап отырсақ ұлттық тәрбиеміздің іргетасын бекіткеніміз болар еді.

  • 01
  • 02
  • 03
Оқылды 76 рет