Астана қаласы әкімдігінің «Алматы» ауданы әкімдігіне алғыс

Желтоқсан 30, 2022

Балаларға қамқорлық – еліміздің мемлекеттік саясатының ажырамас бөлігі. Қоғамдағы қазіргі тренд қайырымды болуға жетелейді. Әлемдегі екінші ұстаз атанған Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатынан бастау алған ізгілік рухы қоғаммен бірге жалғасып келеді. «Адамның бір қызығы бала деген» деп, ұлы Абай айтпақшы, иісі қазақтың бойында балаға деген көңіл ерекше.

Астана қаласы әкімдігінің «Алматы» ауданы әкімдігіне балғындарымызға арналған  жаңа жылдық сыйлықтары үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Балаларымызға арнайы сыйлаған әдемі ойыншықтарыңыз, оларға үлкен қуаныш, мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өздеріңіз секілді қамқор жандардың қолдауы мен мейірімі, біздің бүлдіршіндеріміздің болашақта қоғамның толыққанды мүшесі болып, жақсылықтан үлгі алып, жақсы адам болып қалыптасатындарына сенім береді.

Сіздерді, Жаңа 2023 жылмен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы Жыл тек игі жақсылықтарымен, ырыс-берекесімен, мол қуаныштарымен төріңізден орын алсын! Әрбір игі істер мен жаңа бастамаларыңызға сәттілік серік болып, отбасыңызға баянды бақыт пен бақ-береке келсін!

Ізгі ниетпен, «Мамандандырылған балалар үйі» ұжымы!

Оқылды 107 рет