Тәуәлсіздік күніне орай

Желтоқсан 15, 2022

Тәуелсіздік – кез келген адамның, ұлттың, халықтың, елдің еркіндігі.

«Тәуелсіз Қазақстан!», «Қазақстан Республикасы»! Неткен керемет, киелі ұғымдар! Бұл ұғымдардан, Отанымыздың тәуелсіз, еркін мемлекет екенін бірден аңғаруға болады. Бүгінде біз – қанатын кеңге жайған егеменді елміз.

Тәуәлсіздік күніне орай Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нде «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты мерекелік іс-шарасы өтті. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ерлік күресі мен ғасырлар бойы басынан өткен қиыншылықтары жайлы айтылып, осы оқиғалардың қатысушылары — Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанованы және алаңға шығып еліміздің егеменді ел болуына үлес қосқан жандардың құрметіне 1 минуттық еске алу сәті өтті. «16 желтоқсан – Қазақстанның Тәуелсіздік алған күні», «Желтоқсан ызғары» атты бейнероликтер көрсетілді. Мемлекеттік Әнұран орындалып, патриоттық әндер айтылды. Мекеме директоры Татьяна Александровна ұжымды мерекемен арнайы құттықтап, жылы лебізін білдіріп, сөз сөйледі. Үздік жұмысымен көзге түсіп, белсенді қызмет атқарып жүрген мамандарымызға Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Сенғазиев Қасымхан Сенғазыұлының «Алғыс хаты» мен «AQNİET» Қазақстан салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының елордалық филиалы «Алғыс хаты», Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нің арнайы алғыс хаттары табыс етілді. Адал еңбегімен мекемемізде 10, 15, 20, 25, 30 жыл бойы еңбек етіп, сәбилерімізге қамқорлығын көрсетіп, мейіріміне бөлеп жүрген тәрбиешілеріміз бен өзге де мамандарымызға кәсіподақ ұйымы естелік мүсіндер мен арнайы сыйлықтар табыс етті.

Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бірлік, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілейміз!

  • 01
  • 02
  • 03
  • 04
  • 05
  • 06
  • 07
  • 08
  • 09

 

Оқылды 150 рет