Балаларды қорғау күні – әр баланың қауіпсіздігі, денсаулығы мен бақытты балалық шағы үшін қоғамның жауапкершілігін еске салатын ерекше мереке.
Бүгін мереке қарсаңында елордалық балалар үйіне Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы арнайы жұмыс сапарымен келіп, тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтады.
Жұмыс сапары барысында Ақмарал Шәріпбайқызы балалардың өмір сүру жағдайымен, медициналық көмектің ұйымдастырылуымен және ерте жастағы балаларға арналған «Аққанат» күндізгі оңалту топтарының қызметімен танысты.
Елордалық балалар үйінде «Аққанат» бағдарламасы аясында бүлдіршіндер медициналық оңалтудан өтіп, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік қолдау алады. Сонымен қатар, ата-аналарға бала күтімі бойынша қажетті білім мен тәжірибе беріледі. Бағдарлама нәтижесінде көптеген балалар жаңа дағдыларды меңгеріп, өздігінен отырып, жүріп, толыққанды өмірге қадам басуда.
Сапар қорытындысында Ақмарал Шәріпбайқызы балалар үйінің жұмысын жоғары бағалап, ұжымның қызметіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ мекеменің қажеттіліктері мен алдағы жоспарлары туралы пікір алмасып, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Балаларымыздың күлкісі ешқашан сөнбесін! Әр бала мейірім мен қамқорлыққа бөленіп өссін!