Шуақты жаздың алғашқы күні 1 маусым – халықаралық деңгейде аталып өтетін «Балалар» мерекесі. Бұл күні балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғау, оларға қамқорлық жасау дәріптеледі. Осындай мейірімге, жылулық пен қуанышқа толы мереке – балдырғандардың қуанышты жанары мен сыңғырлаған сәби күлкісі арқылы ерекшеленеді.
Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» КММ-нде, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Ғажайып гүлдер әлемі» атты салтанатты іс-шара өтті.
Елордалық балалар үйіне бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, түрлі сыйлықтарымен қуаныш сыйлау мақсатында Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Төленқызы, Астана қаласы мәслихатының депутаты Динара Аманболқызы, «AQNIET» Қазақстандық денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы Бақытжан Арынұлы, Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы, «Елигай» қоғамдық бірлестігі төрағасы Сания Қамбарқызы, ҰҚК өкілдері, Астана қаласы «Алматы» ауданы ПБ өкілдері, меценаттар мен демеушілер келіп салтанатты мерекелік іс-шараның қонағы болды.