Бүгін елордадағы «Мамандандырылған балалар үйінде» «Ақ қанат» күндізгі оңалту бөлімінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. Кездесудің мақсаты – балалардың денсаулығы мен дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдау.
Жиынға Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас маманы, педиатр Дана Сабитқызы Абильгазина, «АНА ҮЙІ» ҚҚ өкілі Айжан Жақсыбайқызы Диханова, қалалық және жеке емханалардың басшылары мен өкілдері қатысты. Барлығы 30-ға жуық маман біріккен талқылауға атсалысты.
Негізгі тақырып – балалар үйінің функциясын жаңғырту және ерте араласу тұжырымдамасын дамыту.
Балалар үйінің директоры Жанна Асқарқызы мекеменің қызметі мен «Ақ қанат» бөлімінің маңыздылығын атап өтті. Директордың орынбасары Анаргүл Нухаевна оңалту жұмыстарының құрылымы мен тиімділігі туралы баяндады. Аға тәрбиеші Лаура Серікқызы ата-аналарға арналған қолдау мектебінің қызметімен таныстырды.
«Ақ қанат» бөлімі:
- Балалардағы даму кідірістерін ерте анықтауға,
- Уақытылы коррекциялық және оңалту шараларын жүргізуге,
- Ата-аналарға психологиялық және практикалық қолдау көрсетуге бағытталған.
Бұл дөңгелек үстел – мемлекеттік органдар, медицина ұйымдары, қоғамдық қорлар және ата-аналардың күш біріктіруінің көрінісі. Балалар игілігі үшін үлес қосқан барлық қатысушыларға алғыс айтамыз!