Шілденің 18-і – әлемдегі ең ұлы тұлғалардың бірі, апартеидке қарсы күрестің символы, Оңтүстік Африканың тұңғыш демократиялық президенті Нельсон Манделаның туған күні. Бұл күн Халықаралық Нельсон Мандела күні ретінде аталып, Манделаның бейбітшілік, әділдік, теңдік пен адам құқықтарын қорғаудағы өмірлік мұрасын құрметтеуге арналған. Ол бүкіл әлемдегі адамдарды оның құндылықтарын өмірге енгізуге және қоғамға пайдалы істер жасауға шақырады.
Нельсон Мандела күні – бұл тек ұлы тұлғаны еске алу күні емес, бұл әрқайсымызды өз қоғамымыздың жақсаруына үлес қосуға шақыратын мүмкіндік. Оның негізгі ұраны – «Өзгерісті шабыттандырыңыз, іс-қимыл жасаңыз» немесе «Әр күн – Мандела күні».
Нельсон Мандела күнінің негізгі ерекшелігі – «67 минут» ұғымы. Бұл сан Манделаның саяси қызметіне, әділетсіздікке қарсы күреске арнаған 67 жылына сілтеме жасайды. Бұл күні бүкіл әлемдегі адамдар өз уақытының 67 минутын қоғамға пайдалы іс жасауға арнауға шақырылады.
Осы күнге орай бүгін Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі қызметкерлерімен бірге Балалар үйінің қабырғасында мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік бағдарламада Нельсон Мандела туралы бейнеролик, біздің тәрбиеленушілеріміздің арнайы қойылымдары, балалар мен ересектердің «Вака-вака-вака» би флешмобы, бірлескен сурет байқауы, «Достық» биі, қағаз дискотека болды. Балалар мен ересектердің орындауындағы «Африкалық мотивтер» оркестрі екі халықтың достығын бейнеледі.
Сондай-ақ, күндізгі «Шиелім» оңалту тобының сұлу ханшайымы Ханифаның тұсау кесу рәсімі өтті. Ханифаның алғашқы қадамы оң, жолы ашық болсын деген ізгі тілегімен тұсауын Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілі Анфра Рамальо Муртэйра ханым кесті.
Қызыққа толы 67 минут балаларымыздың өміріне ерекше қуаныш пен жарқын сәттер сыйлады. Балаларымыз түрлі ойындарға қатысып, би билеп, ұмытылмас сәттерді бастан өткерді. Бұл іс-шара олардың күнделікті өміріне ерекше серпіліс әкеліп қана қоймай, сонымен қатар олардың өздеріне деген қамқорлық пен жылылықты сезінуіне мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар балалардың әлеуметтік дамуы үшін ғана емес, олардың өмірге деген позитивті көзқарасын қалыптастыруда да үлкен рөл атқарады.
Балалар үйі әкімшілігі мен ұжымы атынан Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің Бірінші хатшысы Сэлварадж Кришнасуами Пиллэй мырзаға және Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілі Анфра Рамальо Муртэйра ханымға бүлдіршіндерімізге арнап ұйымдастырған керемет ойын-сауық іс-шарасы үшін шын жүректен алғыс білдіреміз!
Сіздердің ашық жүректеріңіз бен жомарттықтарыңыздың арқасында біздің балаларымыз нағыз мерекелік көңіл-күй мен бақытты балалық шақтың тағы бір сәтін сезінді.
Сіздерге зор денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға амандық және барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз! Балаларға қуаныш сыйлау жолындағы еңбектеріңіз жана берсін!