Денсаулық – баға жетпес байлық десек, адам жанының арашасы болған медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше. Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл мереке – адам жанын жүрегімен сезінетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің ерен еңбегі бағаланатын күн.
Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» КММ-нде, «Медицина қызметкерлері күні» мерекесіне орай мерекелік іс-шара өтті. Балалар үйінің емдеу алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары А.Н.Смагулова бүлдіршіндеріміздің қамқоршылары ақ халатты абзал жандарымызды кәсіби мерекесімен құттықтап, адал еңбегімен көзге түсіп жүрген аяулы жандарға Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Рүстемова Әлия Шайзадақызының «Алғыс хаты» мен Мамандандырылған балалар үйінің атынан «Алғыс хаттар» табыс етті.
Сондай-ақ, үздік қызметімен көзге түсіп жүрген қызметкерлерімізге Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін»төс белгісі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызының «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаты», Астана қаласының әкімі орынбасары Ерік Мейрхановтың «Алғыс хаты» мен «AQNİET» Қазақстан салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының «Құрмет грамотасы» табыс етілді.
Құрметті медицина қызметкерлері! Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, күш-жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілей отырып, кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер деген тілегімізді білдіреміз.