Туберкулез әлеуметтік маңызы бар және аса қауіпті жұқпалы ауру болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, жер шары халқының үштен бірі туберкулез инфекциясын жұқтырған. Әлемде жыл сайын туберкулездің 8 миллион жаңа жағдайы тіркеліп, одан 3 миллион адам қайтыс болады, оның ішінде 15 жасқа дейінгі 884 мың бала бар.

Туберкулез дегеніміз не және инфекция көздері қандай?

Туберкулез – туберкулез микобактериялары тудыратын жұқпалы ауру. Бұл ауру бүкіл ағзаны зақымдауы мүмкін: өкпені, бүйректі, лимфа түйіндерін, сүйектерді, көзді, теріні, миды.

Инфекцияның негізгі көзі – туберкулезбен ауыратын адам. Сирек жағдайларда ірі қара мал, түйелер, шошқалар, құстар және басқа да жануарлар инфекция көзі болуы мүмкін.

Туберкулезді қалай жұқтыруға болады?

Туберкулезді іс жүзінде кез келген адам жұқтыруы мүмкін. Жұқтыру жолдары:

  • ауа арқылы (аэрогенді, ауа-тамшы жолымен) немесе туберкулезбен ауыратын науқастың ыдысын, дәретхана керек-жарақтарын және басқа да тұрмыстық заттарын ортақ пайдалану кезінде, әсіресе отбасы ішінде; сирек жағдайда тағам арқылы (алиментарлық жолмен);
  • туберкулезбен ауырған ірі қара малдың сүт өнімдерін пайдалану кезінде;
  • жүкті әйелде туберкулез болған жағдайда ұрықтың құрсақішілік зақымдануы (өте сирек).

Алғаш рет анықталған науқастардың шамамен 50%-ы сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде туберкулез қоздырғышын қоршаған ортаға бөледі. Қақырықтың өте ұсақ бөлшектерінен тұратын аэрозоль ауада ұзақ уақыт сақталып, балалар мен ересектер үшін жұқтыру көзі болуы мүмкін. Егер науқас ем қабылдамаса, бір жыл ішінде 10–15 адамға дейін жұқтыруы мүмкін.

 

Туберкулезбен ауыру қаупі жоғары балалар тобына мыналар жатады:

  • вакцина алмаған балалар;
  • отбасында туберкулезбен ауыратын адам бар балалар;
  • әртүрлі жұқпалы аурулармен жиі және ұзақ ауыратын балалар;
  • қант диабеті, қатерлі ісік, әсіресе АИТВ-инфекциясы бар, сондай-ақ әртүрлі ағзалар мен жүйелердің созылмалы ауруларымен ауыратын балалар;
  • кортикостероидтық, сәулелік және цитостатикалық терапия алатын балалар;
  • әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар.

Туберкулездің негізгі белгілері мен симптомдары:

  • ұзаққа созылған жөтел (3 аптадан астам) немесе қақырық бөлінуімен жөтелу, кейде қан аралас болуы мүмкін;
  • кеуде қуысының ауыруы;
  • тәбеттің төмендеуі, дене салмағының азаюы;
  • қатты тершеңдік (әсіресе түнгі уақытта);
  • жалпы әлсіздік пен мазасыздық;
  • дене температурасының мезгіл-мезгіл 37,2–37,4°С-қа дейін көтерілуі.

Баланың туберкулез инфекциясын жұқтырғанын қалай анықтауға болады?

Бұл жыл сайын жүргізілетін иммунологиялық сынамалар арқылы анықталады: туберкулезге қарсы вакцина алған 12 айлық жастан бастап 7 жасқа дейінгі балаларға Манту сынамасы, ал 8 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға Диаскинтест жүргізіледі.

Иммунодиагностикадан басқа, жасөспірімдер мен ересектерде туберкулезді ерте анықтау әдістеріне 15 және 17 жастағы жасөспірімдерге жүргізілетін рентген-флюорографиялық тексеру жатады. Кейіннен халықтың барлық санаты үшін жылына кемінде бір рет өткізілуі тиіс.

Баланы туберкулезден қалай қорғауға және аурудың алдын алуға болады?

Балалар мен жасөспірімдерде туберкулездің белсенді арнайы профилактикасы үшін БЦЖ вакцинасы қолданылады. Вакциналарды қолданудың екі ғасырлық тәжірибесі жұқпалы аурулардың алдын алуда осы әдістің тиімділігі мен маңыздылығын дәлелдеді

Туберкулезді диагностикалау және аурудың алдын алу

Туберкулезді анықтаудың негізгі әдістері – бактериологиялық және рентгенологиялық тексерулер.

Бактериологиялық зерттеу (жағындыны микроскопиялық тексеру және материалды қоректік ортаға егу) туберкулез диагнозын растаудың ең сенімді әдісі болып табылады, өйткені бұл жағдайда науқастың бөлінділерінен немесе ағзадан алынған материалдардан ауру қоздырғышы тікелей анықталады.

Туберкулездің жасырын ағымында рентгенологиялық зерттеу әдістерінің (рентгенография және флюорография) маңызы артады. Бұл әдістер өкпедегі бастапқы туберкулездік өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта туберкулезге қарсы диспансерлерде диагнозды нақтылау мақсатында ДНҚ-ны анықтайтын молекулалық-генетикалық диагностика әдісі (ПТР) қолданылады.

Егер тексеру барысында бала немесе жасөспірім тек туберкулез инфекциясын жұқтырғаны анықталып, ағзаларда зақымдану белгілері табылмаса, аурудың жергілікті түрінің дамуына жол бермеу үшін профилактикалық емдеу курсын жүргізу қажет. Осы мақсатта туберкулезге қарсы препараттар тағайындалады.

Балалар мен жасөспірімдерде туберкулездің алдын алу үшін:

  • ата-аналар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, отбасында уақытша тұратын адамдардың денсаулығы туралы алдын ала білуі керек;
  • профилактикалық рентгенологиялық тексеруден өтіп тұру қажет, әсіресе отбасында жаңа туған сәби болса;
  • бала туберкулезбен ауыратын адаммен байланыста болған жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Баланы санаторлық балабақшаға немесе санаторлық мектепке оқшаулау ауру қаупін төмендетеді;
  • Манту сынамасы нәтижесінде баланың инфекция жұқтырғаны анықталған жағдайда міндетті түрде фтизиатр дәрігердің тексеруінен өту қажет;
  • ата-аналар өздерінің жеке үлгісі арқылы балада салауатты өмір салтын қалыптастыруы тиіс.