Табиғатты танудың ең сенімді құралы – бақылау мен тәжірибе.
Галилео Галилей
Шоқан Уәлиханов: “Табиғаттың өзінде өзгеше бір сүйсінерлік, жанға жайлы бір нәрсе бар” – деген екен. Балаларда өлі және тірі табиғат нысандарына деген қызығушылық өте ерте жастан қалыптасады. Балалар бәрін байқайды: бақша алқабындағы еңбекшіл құмырсқалар илеуін, қалың шөптегі кішкентай өрмекшіні, ағаш басындағы ұяларды.
Біздің үйдің бүлдіршіндері кішкентай болса да еңбекқор, қызыққыш, зерттеп үйренуді жақсы көреді. Балаларымыздың көңілін табиғаттағы маусымдық өзгерістер, түстердің ашықтығы, әр түрлі дыбыстар, гүлдердің хош иістері тартады. Олар өздеріне жаңа әлем ашады: барлығын қолмен ұстап қарауға, иіскеуге, егер жағдай болса дәмін көруге тырысады. Кішкентай балғындарымыз қоршаған ортаны зерттеу арқылы тамылжыған табиғатқа, әсем әуенге, айналадағы әсемдікке қызығады, содан әсерленеді, көркемдікті түсініп, оның мәнін ұғады, әсемдікті танып, талғауды үйренеді. Біз үшін балаларды табиғатты бағалай білуге және оларға дұрыс қарауға үйретудің маңызы зор.
Сайф Сарай: - “Ағаштың жемісін жеймін десең, түбіне балта шаппа…” – деген екен. Балаларымыз күн жылып егін егудің сәті түсті дегенде, кішкентай күректері мен әдемі шелектерін қолдарына алып тәрбиешілерімен бірге үйіміздің бақшасының сәнін келтіру жұмыстарын бастайды. Ал жаз келіп жанымызға жылу сыйлады деген сәтте өздері егіп үйренген түрлі гүлдер, көкеністер мен жеміс ағаштарының нәтижесін көруге асығады. Балаларымыз еңбекке қатысып, өздері ағаштар отырғызып, бау-бақша егіп, оны өсіру арқылы табиғатқа зиян келтірмеудің амалына қатысты сұрақтарға жауаптар іздейді. Біз үшін ең маңыздысы балаларымызға табиғатты сүюді, аялауды үйрету және оның сұлулығын түсіндіру.